Posted 6 days ago
197.52K followers
288.41K views
20.6K likes
1.42K comments
408 shares
“Харекет” қоры үй сыйлар алдында отбасыға пранк жасағаны үшін сынға қалды. Желі қолданушылары жалғызбасты ананы “балаларыңды алып кетеміз” деп қорқытып, әзілдесудің орынсыз екенін жарыса жазды. “Харекет” қоры жариялаған видеода үш баласы бар жалғызбасты ананың ауыр тағдыры көрсетілген. Отбасы жағдайы төмен жұпыны үйде күнелтуге мәжбүр екен. Үйге Ақмарал Басирова келіп, өзін “балалардың құқығын қорғау комитеті қызметкерімін” деп таныстырып, үй-жай жағдайын сұрайды. Соңында балалар мұндай үйде өмір сүре алмайтынын және оларды алып кететінін айтады. Ана балаларын құшақтап, бермейтінін айтып жылайды. Балалар мен ананың жылаған кадрлары көптің көңілін босатты. Осы кезде Басирова кілтті ұсынып, оларға жаңа пәтер берілетінін түсіндіреді. Алайда мұндай сценарий көпшілікке жақпай қалды. Олар онсыз да тағдыры ауыр жанның көңілімен ойнау орынсыз әзіл деп санады. “Контент үшін ғой. Қазіргі маркетингте адамгершілік, эмпатия жоқ дерсің. Пранк/сранксыз-ақ, садақаны саламыз ғой”, “Мынау пранк басынғандық және бассыздық! Кімнің идеясы болса да, адамгершіліктен жұрдай екен. Халықтың ақшасы – аманат! Ойнап есерсоқтанып, мұқтаждың мұңымен ойнасын деп берген жоқ. Анасының моральды қалай қиналғанын елестету де қиын. Өзі қиналып тұрғанда”, “Балаларды видеоға түсірудің не қажеті бар? Үй алып, көмектестіңіздер, көп рахмет. Алайда мұның бәрін жарияға көрсетіп, балалардың түрін салып керек емес”, – деп жазды желідегілер. Stan.kz тілшісі жағдайға қатысты қордан пікір сұрап көрді. Алайда “Харекет” қоры БАҚ-қа ешқандай пікір бермейтінін мәлімдеді. Ал сіз бұл туралы не ойлайсыз?